20-шы түлектерін ұшырды

Тәуелсіздік алаңында Көкшетау техникалық институтының 20-шы түлектеріне диплом тапсыру салтанаты өтті. Оған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Василий Крылов және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Іс-шара жылдағы дәстүр бойынша Көкшетау техникалық институты мен Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті өртке қарсы гарнизонының өрт сөндіру және құтқару техникасын көрсетуден басталды. Сонымен бірге түлектердің ата-аналары, туған-туыстары институттың көпжылдық тарихымен танысты. Олардың назарларына оқу мекемесінің тарихы және қызметі жа-йында деректі фильм көрсетілді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер институт түлектерін оқуларын табысты аяқтауымен, өрт қауіпсіздігіндегі инженер квалификациясы және бірінші офицерлік атақты алуларымен құттықтады. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Василий Крылов өз сөзінде Көкшетау техникалық институтының түлектерін жоғары кәсіби білім алуларымен құттықтап, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосатындықтарына сенім білдірді. Бұл күні аталған институттың 108 түлегі диплом алса, 34 курсант Ресейдің ТЖМ Өртке қарсы мемлекеттік академиясының дипломын алды. Түлектер Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық органдары мен басқа да құқық қорғау құрылымдарына арнайы жолдамамен жұмысқа жіберілетін болды. Еске сала кетсек, Көкшетау техникалық институты Қазақстандағы өрт қауіпсіздігі саласында білікті маман-кадрлық офицерлер даярлайтын жалғыз арнайы оқу орны болып табылады. Институт осы уақыт ішінде 4 жарым мың маманды даярлап шығарған. Төрт жыл білім алған жас мамандар өңірдегі құтқару жұмыстарына да белсенді жұмылдырылған. Қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер қоштасу вальсін биледі, аспанға курсанттық өмірмен және оқу орнымен қоштасуды, жаңа өмірге қадам басқанын бейнелейтін шардан жасалған курсанттық погон композициясы ұшырылды. Соңғы рет жас лейтенанттар жалпы курсанттық салтанатты шерумен өтіп, офицерлердің тарихи міндеттемесіне сай «Ақшаға емес, ар-намысқа қызмет ету» деген ескі офицерлік міндеттемені білдіретін көкке күміс ақша шашты.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий