200 орындық инфекциялық аурухана ашылды

Көкшетауда коронавирусқа шалдыққан науқастар емделетін заманауи үлгідегі жұқпалы аурулар орталығы ашылды.

200 орындық емдеу мекемесінде Германия және Ресейден жеткізілген қазіргі заманғы жабдықтар орнатылған. Сегіз корпустан тұратын нысанда жылыту қазандығы, көліктерді дезинфекциялау пункті, медициналық қалдықтарды залалсыздандыру орны, 20 орындық жансақтау бөлімшесі және әр палатада орталықтандырылған бір оттегі стансасы бар. Сонымен қатар, «Филипс» компьютерлі томографы, «Х-FIT» рентген аппараты, өкпені желдеткіш 4 аппарат, төрт науқас мониторы, «LOGIQ 9Е» ультра дыбысты диагностика аппараты, электрокардиограф аппараты орнатылған. Құрылыс жұмысын мердігер «Bi Group» компаниясы жүргізген. Жобаның құны 7 миллиард 185 миллион теңгеден асады. Жалпы аумағы 4,4 гектарды құрайтын нысан құрылысына 620 адам тартылып, үш ауысыммен жұмыс істеп, екі айдың ішінде аяқтаған. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 200 кереуеттік жұқпалы аурулар орталығын аштық. – Бұл қазіргі заманға сай жабдықталған медициналық мекеме. Нысан пандемия кезінде ғана емес, одан басқа уақытта да халықтың денсаулығы үшін барынша жұмыс істеуі тиіс, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев. Айта кетейік, мұндай орталық еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ғана бар. Бұл күні, сондай-ақ, өңір басшысы облыстық ауруханаға әкелінген МРТ аппаратының жұмысымен танысты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий