Көкшетау вокзалы бүгінде 26 жолау-шылар пойызын қабылдап, жөнелтеді. 1981 жылы іргетасы қаланған теміржол вокзалы осы уақыттан бері ел игілігіне пайдаланылып келеді. Тәулігіне 1500-ге жуық жолаушы қаланың қақпасынан сапарға шығады. Қиыны мен қызығы мол, теміржолдың темір тәртібіне бағынып, осы салада 23 жыл табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Роза Арыстанқызы әріптестерінің арасында сыйлы да, беделді, жұртшылықтың алғысына бөленген жан. 1994 жылы еңбек жолын бастаған ол осы күнге дейін жүк бөлімінде, билет кассасында абыройлы қызмет атқарды. Әрқашанда үлкенге ізетті, кішіге қамқор бола білген, ақкөңіл де, ақжарқын Роза Арыстанқызы бүгінде Көкшетау теміржол вокзалының басшысы болып қызмет атқарады. Айтуынша, вокзал туған үйіндей болып кеткен. Ұңғыл-шұңғылын жақсы біледі. Қызметін қатардағы маманнан бастағандықтан, вокзалдың қай жұмысы да етене таныс. Басшы қарамағындағы қызметкерлерден де осыны талап етеді.

Вокзал – нағыз қарбаластың қайнаған ортасы. Біреу алыс сапардан келіп, енді бірі кетіп жатады. Осындайда адамның бәрі жолаушы болып кеткендей сезінесің. Қала туралы алғашқы әсер жолаушының алғаш табаны тиетін жері – вокзалдан басталатыны анық. Сондықтан, қаланың теміржол қақпасы қай жағынан да мәртебесіне сай болуы керек. Вокзал ұжымы да соған лайық болуға тырысып келеді.

Тоғыз жолдың торабы
Вокзал бастығының таңертеңгілік жұмысы сол күні келетін пойыздардың кестесімен танысудан басталады. Теміржол көліктерінің келіп-кету уақытына көз жүгірткеннен кейін, қолдағы мәліметтерді анықтама бюросына жібереді. Дикторлар тек по-йыздар жөнінде ғана емес, вокзалдағы жолаушыларға қажет жылт еткен жаңалықтарды хабарлап отырады. Осыған орай алдымен вокзалда тазалықтың, тәртіптің болуы қатаң қадағалануда. Жолаушыларға қызмет көрсететін қызметкерлердің сыртқы көрінісінен бастап, киім киісі, жүріс-тұрысы, жұртшылықпен қарым-қатынасы түзу болуы тиіс.
Вокзал қызметкерлерінің негізгі құрамы адамдармен тікелей жұмыс істейді. Олар: вокзал кезекшілері, анықтама бюросының мамандары, дикторлар, кассирлер. Басым көпшілігі – вокзалда ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандар. «Бүгінгі күні ұжымда 30 адам еңбек етуде. Біздің жұмысымыз бір-бірімен тығыз байланысты. Вокзалдың ішінде отырып, жолаушылармен жұмыс істегеннен кейін қай пойыздың қашан келу керектігінен, қай жолға қалай жетуге болатынынан әр қызметкер хабардар болғаны жөн. Мұндағы қызметкерлерге қойылатын тәртіп қатал. Олардың атына жолаушылардан шағым келіп түспеуі керек. Теміржол вокзалында «сіздікі, біздікі» деген жұмыс жоқ. Кейде ауыс-түйіс болып отырады. Бас-ты міндетіміз – жолаушыларға қызмет көрсету болғандықтан, қай жұмысқа да икемді болуымыз керек», – дейді Роза Арыстанқызы.

Жаңа ереженің талабы
Еліміздегі теміржол вокзалдарында жолаушыларға қызмет көрсетудің жаңа стандарты бойынша  бірінші қабатта сауда орындары болмауы тиіс. Қазір вокзал маңынан дәмхана, сауда-саттық дүңгіршектері, жайма базарды көрмейсіз. Өйткені, өркениетті ел ұстанған бағыт пен санитарлық талапқа сай келмейтін көрініс жергілікті билікті бейжай қалдырған жоқ. Жаңа ережеге сай осындағы жүк сақтайтын орынжай, газет киоскісі, банкоматтар, валюта айырбастайтын пункт, дәріхана, намазхана, тамақтану нүктелері, шағын маркеттер екінші қабатта орналасатын болады. Келешекте жолаушыларға өскелең заманға бейімделген басқа қызмет түрлері де енгізілмекші. Қыркүйек айынан бастап вокзалда түрлі төлем жасайтын электрондық құрылғылар, санитарлық-тұрмыстық қажеттіліктерді өтейтін барлық қызмет түрлері жаңа бағытта жұмыс істейтін болады.
– Бүгінгі таңда Көкшетау вокзалын жаңа талапқа сәйкестендіру үшін айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Алдымен ғимаратқа ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылдар бойы қозғаусыз жатқан жертөлені де қалыпқа келтірдік. Атқарылған жұмысымыз оң бағасын алды. Келер жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Билет сататын кассалар да уақыт талабына сай жаңартылатын болады, – дейді Роза Арыстанқызы. Вокзал алаңы, перрон-жолаушылар платформа тазалығы санитарлық талапқа сай қадағаланып отырады. Жергілікті атқарушы билік тапсырмасымен көктемгі

көгалдандыру айлығы кезінде а

баттандыру шаралары қолға алынды.  Қыста вокзал маңын қардан тазарту жұмыстарына жергілікті әкімдік, коммуналдық кәсіпорындар, әр деңгейдегі мәслихат депутаттары  қолұшын созған. Соңғы жылдары вокзалда жасалған өзгерістер жолаушылардың жайлылығы үшін іске асып жатқанын көріп қуандық.

91688_b0

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Көкшетау әуежайы Астана халықаралық әуежайының филиалы болып саналады. Мамыр айында Көкшетау-Шымкент, Көкшетау-Мәскеу бағытында жаңа әуе рейстері ашылған болатын.
Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Әсия Шәрімова жетекшілік ететін Көкшетау автобус паркі Ресей мен Беларусь кәсіпорындары шығарған «ЛИАЗ» және «МАЗ» 11 жаңа автобустармен толықты. Жаңа автобустар жолаушы тасқыны көп №1, 5, 9, 10, 11, 13, 16, 25 маршруттары бойынша қызмет көрсетеді.
***
Көкшетау қаласында қоғамдық көлікпен, жолау-шы тасымалымен бес кәсіпорын тұрақты айналысады. Жолақы қымбаттаған жағдайдың өзінде де олар әдеттегідей 12 санаттағы 3 мыңға жуық адамды тегін тасымақшы.

Стратегиялық нысан
Биылғы жылдың 1 маусымынан бастап еліміздің барлық теміржол вокзалдарында  жолаушылар мен олардың жүктерін тексеріп өткізу тәртібі күшіне енді. Ғимараттың әр бұрышына бейнебақылау қондырғысы орнатылған. Ол қызметкерлер үшін де, жолаушылар үшін де өте тиімді. Бір келеңсіз жағдай болғанда соған жүгінеді. Вокзалдың барлық бейнесі бір оператордың көз алдында тұрады. Ғимаратта бір жағдай орын алғанда оператор тәртіп сақшылары мен кезекшілерге баяндайды.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық барысында барлық ірі вокзалдар сияқты Көкшетау вокзал ғимараты да түгел әктеліп, сырланып ағымдық жөндеуден өтті. «Келіп жатқан және келетін халық көп болғандықтан, вокзалдарға тексеру жабдықтары, құрылғылары орнатылды. Қазір адамдардың көзі ашық, жолаушылар тексеріп өткізудің өздері үшін, қауіпсіздік үшін керек екенін жақсы түсінеді. Тәулігіне орта есеппен біздің вокзалдан 2 мыңға жуық адам тексеріледі. Осы тексеру жүйесі енгізіліп жатқанда халыққа мұның бәрі адамдардың қауіпсіздігі үшін екенін айтып, түсіндірдік. Ешбір адам тарапынан наразылық туындап, шағым түскен жоқ», – дейді Роза Арыстанқызы.
Тексеру жабдықтарының көмегімен қандай да бір келеңсіз жағдайлар анықталған  жағдайда қандай әрекетке көшесіздер, деген сауалымызға вокзал басшысы төмендегідей жауап берді: Күдік тудырған адамды арнайы тексеру бөлмесіне апарып, теміржолдың әскери күзет қызметінің, көліктегі желілік ішкі істер бөлімі, вокзал кезекшісінің қатысуымен багажды ашып, күдік тудырған зат болса, оған акті толтырылады. Әрмен қарай полиция айналысады.  Вокзал да әуежай сияқты стратегиялық нысан. Жан-жағының бәрі қоршалған. Вокзалға және оның аумағына барлығы соңғы үлгідегі цифрлы бейнекамералар орнатылған. Вокзал аймағы, перрон бәрі бақылауда, «өлі» аймақ жоқ.

IMG_6472
Сабыр сақтаған жөн
Перронда адам  қарасы көп. Олардың көпшілігі қарсы алушылар тәрізді. Бірі – жақынын, бірі – досын, бірі әке-шешесін тағатсыздана күтеді. Вокзал – кездесу мен қоштасудың мекені. Адамдар осы жерде бір-бірімен қуаныса табысып жатады. Жолаушыларды отырғызу ешқандай кедергісіз, оқыс оқиғасыз жүргізілуі керек. Кезекшілер соған жауапты. Олар вокзал қызметкерлерінің техникалық қауіпсіздікті сақтауын қадағалайды. Пойыздардың жүру кестесінің дикторға, анықтама бюросына дер кезінде жеткізілуін қамтамасыз етеді. Тазалық пен тәртіпті назарда ұстайды. Адасып жүргендерге жол көрсетеді. Сұрағандарға жөн сілтейді. Вокзал қызметкерлерінің сыртқы түр-келбеті мен киім киісі тартымды болуына да мән береді.
Роза Арыстанқызының айтуынша, жолаушылар әртүрлі. Біреулердің мінезі жайлы. Енді біреулері мәселенің байыбына бармай жатып, ашуға берілгіш. Мұндайда сабыр сақтап, мәселені ушықтырмай сыпайы сөйлесуге тырысқан жөн.
Иә, «адам үйінен қырық қадам ұзаса – мүсәпір» дейді. Өзіне беймәлім жерде сапарлап жүрген жолаушыға жөн сілтеп, ел, жер туралы хабардар ету – сауапты іс. Көкшетау вокзалы да жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді көздеп келеді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс