22 жаңа археологиялық ескерткіш табылды

Атбасар ауданында 22 жаңа археологиялық ескерткіш табылды. Ескерткіштердің біразы мал жайылымы және судың астында қалған. Келер жылы бұларды қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының жанындағы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының маманы Рауан Ержановтың айтуынша, биылғы жылғы тамыз айының 3-17 аралығында жаңа археологиялық объектілерді анықтау мақсатында Атбасар ауданының солтүстік, солтүстік-шығыс және оңтүстік бөліктеріне барлау жұмыстары жүргізілді. Археологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде берілген аймақтың қола, темір және жаңа заман дәуіріндегі қоныстану дәрежесін сипаттайтын 22 жаңа тарихи-мәдени мұра объектілері анықталды. Атбасар ауданының қолайлы табиғи ландшафты бұл аймаққа ежелгі адамдардың тас ғасырынан-ақ қоныстануына себеп болған. Ауданның аумағын Көкшетау биіктігінің оңтүстік бөлігі, Атбасар жазығы, Теңіз жазығының солтүстік бөлігі алып жатыр. Бұл жерде 12 тұщы су көлдері бар, сондай-ақ, Есіл, Жабай, Жыланды, Терісаққан, Қайрақты және Шортанбай өзендері ағып өтеді. Орталық маманы атап өткендей, археологиялық зерттеу жүргізудегі басты мақсат, анықталған ескерткіштердің толық құжатын дайындау. Ғылыми ізденістер археология әдісіне сәйкес жүргізілді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий