Қысқы туризмді тиімді дамыту бағытында Ақмола облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда және оның әлеуетін арттыруда игерілуін күткен мәселелер де жоқ емес. 

Щучье-Бурабай курортты аймағында жыл бойы қызмет атқаратын «Оқжетпес», «Алмаз», «Зеленый бор», «Щучинск», С.Сейфуллин атындағы шипажайлар, «Rixos Borovoe», «Террасса Парк», «Самал» отельдері және басқа да демалыс орындары тартымдылығымен танылғанын атап өткен жөн. «Дискавери», «Звёздный», «Лесная сказка» сауықтыру орталықтары балалардың сүйікті мекеніне айналып отыр. Қысқы маусымда мұнда көрсетілетін қызметтің ауқымы кеңейе түсетіні құптарлық. Әсіресе, медициналық туризмнің сабақтастығы тартымдылыққа ие.

Туристік нысандарда белсенді дем-алыс айрықша назарда ұсталады. Мәселен, «Ақжелкен» пансионатында тау және жүгіру шаңғылары жалға беріліп, 300 метрлік аспалы жол жұмыс істеп тұр. Ал, «Нұртаудағы» аспалы жолдың ұзындығы 640 метрге жетеді. Тынығушыларға қонақүйлер, дәмхана, монша қызмет етеді. Кәсіби спортпен айналысушыларға «ЦСКА» шаңғы базасы қолайлы мүмкіндіктер жасап отыр. «Бурабай» арнайы экономикалық аймағында қысқы туризмді дамытудың озық үлгілері бой көтеруде. ҚР Президентінің бастамасымен «Қазақстан Лапландиясы»  ойын-сауық кешені, республикамыздағы тұңғыш Вейк-парк табысты жұмыс істеп тұр. Бізге берілген мәлімет бойынша, «Қазақстан Лапландиясы» жыл сайын 50 мың туристке қызмет көрсетеді екен. Аймақтық туризмді дамыту және Бурабайдың жүктемесін азайту шаралары да жоспарлы жүргізілуде. Зеренді демалыс аймағында «ҚазМұнайГаз-сервис» серіктестігінің «Сұңқар» сауықтыру кешені тынығушылардың думанды ордасына айналды. Осы аудандағы «Елікті Park» тау-шаңғы базасы жаз айларында кең көлемді қайта құру жұмыстарын жүргізді. Қазір бес қабатты 100 орындық қонақүйдің пайдалануға берілуі қонақтар легін көбейтіп отыр. Мұнда ересектерге арналған аспалы жол мен балаларға «Беби лифті» де орнатылған. 3,5 шақырымдық Көкшетау-Елікті жол учаскесін жаңарту жұмыстары Көлік инфрақұрылымын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Осы мақсатқа бюджеттен 246 миллион теңге қаражат қарастырылған. Демалыс аймағына келушілер қатары толастаған емес.  Қазіргі таңда, Елікті тау шаңғы базасында шаңғышылар мен сноубордистерге арналған әртүрлі санаттағы арнайы дайындалған 54 жол, фристайлды ұнатушыларға арналған жолдар, сондай-ақ, шаңғышылар көтергіші 1300 метрге көтеріп, қызмет атқарады. Жолдардың ұзындығы 500-ден 1600 метрге дейін, жалпы ұзақтығы 5 000 метр, негізгі ылдилардан сырғанау 200 метрді құрайды, жаңадан үйреніп жүрген шаңғышылар үшін үйрену жолдары, шанамен және сноутюбпен сырғанауға арналған төбешік жұмыс істеп тұр, тау-шаңғы құралдарын жалға беру де жұмыс істеп тұр. Өңірде қысқы туризм түрлерін дамытуға барлық мүмкіндік бар. Еуропа елдерінде біздегідей қыс, қалың қар да жоқ. Алайда, олардың әрқайсысында көптеген тау-шаңғы базалары бар. Айталық, Қытай елінде жасанды қармен жасақталған 646 тау-шаңғы курорты бар. Осы демалыс орындарының арқасында ел қазынасына қомақты қаражат құйылуда.

Зерендідегі республикалық «Әуесқой шаңғы спорты одағы» демалыс аймағының мүмкіндіктері де кеңейтілді. Мұндағы 500 метрлік шаңғы жолы түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Спортшылар мен турис-терге жайлы жатын орындар мен ұлттық сипаттағы моншалардың, ұсынымы мол жалға беру орнының қызметі көңілден шығатыны айтылуда. Шаңғы стадионында дәстүрлі Халықаралық «Зеренді шаңғы марафоны» өткізіліп тұрады.

– Біз қысқы туризмнің тартымдылығын арттыру, инвестиция тарту мақсатында жыл сайын туристік форумдар, көрмелер ұйымдастырамыз. Бұл шараларға түрлі деңгейдегі туристік операторлар, менеджерлер, ұлттық парк, санаторийлер, балалардың сауықтыру орталықтарының, оқу орындарының өкілдері қатысады. Үстіміздегі жылдың өзінде «Қысқы демалыстың үздік нысаны», «Қысқы демалыстың үздік туры», «Қысқы туризмнің үздік ұйымдастырушысы», «Үздік ақпараттық-жарнама агенттігі» аталымдары бойынша елуден астам меморандумға қол қойылды. Бүгінгі жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын осы бағыттағы қызметпен байланыстыруға да болады. Соған қарамастан, пайдаланылмай жатқан резервтер баршылық, қысқы туризм нысандарының саны әлі де аз, қызмет түрлерін кеңейтіп, сапасын жақсарту қажет, – дейді Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов. Шынарбек Бүркітбайұлы мұның себебін туризм нысандарының қысқы маусымда көбіне жабық тұратынымен немесе қонақүй түрінде ғана қызмет ететінімен байланыстырады. Өйткені, жылу, жарық, сумен қамтамасыз ету, тағы басқа шығындар өзін ақтамайды. Аталған жүйенің толық жүктемемен жұмыс істеуі үшін жылу-электр қуатының жеңілдік тарифтерін қарастыру, несиелеу бағытындағы ықпалдастық, туристік нысандардың кірме жолдарын тәртіпке келтіру қажеттігі өзекті болып тұр.

Ақмола облысында қысқы туризм кең қанат жайып келеді. Бұған аймақтағы демалыс орындарының жыл бойы қызмет көрсетуге көшкені дәлел. Өңірде қысқы демалыс орындары тек Бурабай ауданында ғана емес, Зеренді, Сандықтау, Ақкөл, Целиноград, Ерейментау және Қорғалжын аудандарында да бар. Ал, олардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Себебі, жазы қысқа аймақта қысқы туризмді қолға алған өте тиімді екенін айтады мамандар. «Бурабай-даму» ЖШС-нің маркетинг және туризм бөлімінің жетекшісі Азамат Ербатыровтың айтуынша, соңғы екі айда «Қазақстандық Лапландияға» келушілер қатары екі есеге артқан. Демалушылар мен тұрғындар үшін Абылай хан алаңында мұз қалашығы салынған. Туристер санын арттыру мақсатында халықаралық бірыңғай ақпараттық контакт-орталық жұмыс істейді. Бурабайдағы қысқы демалу алаңдарына соңғы аптада келген адамдардың саны он мыңға жетті. Жақында Бурабай аймағын ЮНЕСКО-ның геопарктерінің ғаламдық желісіне енгізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде көптеген туристер үшін, оның ішінде шетелдік қонақтар үшін курортты аймақтың қызығушылығын арттыра түседі.

Бетті әзірлеген Әсем Жүніс.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий