28 маусым – Баспасөз және байланыс қызметкерлерінің күні

        Бүгінгі таңда Ақмола облысы бойынша 96 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген: оның 82-сі газеттер, 14-і электрондық телеарналар. Мемлекеттік тілде 17, орыс тілінде 33, қазақ және орыс тілдерінде 22, мемлекеттік және ресми, басқа тілдерде 24 бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істеуде.

        Құрметті байланыс және ақпарат қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мереке – Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын. Ел өміріндегі маңызды бұл оқиға әртүрлі мамандық иелері: газет, телевизия және радио журналистерін, баспа өндірісі қызметкерлерін, газет-журналдарды таратушыларды, әлеуметтік желілер блогерлерін біріктіреді. Олардың қажырлы еңбегі ақпараттық кеңістікті, қоғамдық пікірді қалыптастырып, адами құндылықтарды бұқараға жеткізеді. Сіздердің осы еңбектеріңіздің арқасында адамдар аймақта, мемлекетте және әлемде болып жатқан оқиғалардан, саяси және экономикалық процестерден шынайы ақпарат алады. Бүгінгі таңда журналистердің қоғамдық өмірдегі еңбегі мен үлесін бірауыз сөзбен бағалау мүмкін емес. Өйткені, сіздер мәртебелі мамандық иесі ретінде өз өмірлеріңізді халықтың тағдырымен байланыстырып, қажырлылық, табандылық танытып келесіздер. Бүгінгі кәсіби мереке күні Көкшетау журналистикасының алғы шебінде болған ардагерлерге де шынайы алғысымды білдіргім келеді. Жоғары кәсіби және азаматтық ұстаным таныта отырып, сіздер де елімізде жүргізіліп жатқан барлық реформаларға белсене қатысып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, жастарды рухани тазалыққа тәрбиелеуге, қоғамдағы келісім мен өзара түсіністікті нығайтуға белсене үлес қосудасыздар. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Көкшетау қаласының мемлекеттік құрылымдарымен өзара ынтымақтастық пен түсіністік жағдайда алда тұрған ауқымды міндеттерді бірлесе шешуде. Оның ізгі нәтижесін облыс орталығының әр салада қол жеткен жетістіктерінен айқын сезінеміз. Келешекте де осы байланысымызды нығайта түсіп, баянды ете берейік. Кәсіби мерекеге орай баршаңызға шығармашылық ізденіс, ұшқыр ой, ұтымды пікір тілей отырып, мықты денсаулық, туған-туысқандарыңызға сәттілік тілеймін.

Ермек Маржықпаев,
Көкшетау қаласының әкімі.

       Құрметті журналистер мен бұқаралық ақпарат қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мереке – Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің еңбектеріңіз сан алуан әрі жауапты, әрі мәртебелі. Өйткені, сіздердің қолдарыңызда қуатты қару – қаламдарыңыз бар. Оның құдіретті күшімен баспасөз беттерінде, көгілдір экранда қоғамдық пікір қалыптастырып, тек қаламыз бен елімізде ғана емес, тұтастай әлемдік қауымдастықтағы саяси және басқа да оқиғаларды ой елегінен өткізіп, сезінуге ықпал етесіздер. Біз журналистердің тынымсыз еңбекке толы еңбегін жоғары бағалаймыз әрі құрметтейміз. Белсенді ынтымақтастық пен тиімді өзара іс-қимылдың арқасында депутаттар корпусының қызметінде жариялылықты қамтамасыз етіп, жұмысымызды әр қырынан көрсете білуде ізденіс танытып жүрсіздер. Сіздер сайлаушыларды, өз оқырмандарыңызды толғандырып жүрген мәселелерді өткір жазып, салиқалы пікір айтудасыздар. Сондықтан да жұртшылық бұл қадамды құрметтеп, оған сеніммен қарайды. Алдағы уақытта да осы ынтымақтастығымыз нығая түсіп, өзінің жемісін береді деген үміттеміз. Қалалық мәслихаттың депутаттық корпусы және өз атымнан облыс орталығындағы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін кәсіби мерекемен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, қызықты оқиғалар, шығармашылық ізденістер, жаңа оқырмандар мен тыңдармандар тілеймін.

Бауыржан Ғайса,
қалалық мәслихаттың хатшысы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс