28 маусым – Баспасөз күні

   Арқа төсіндегі байырғы басылымдар – «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттері ғасырға жуық уақыт ішінде ел-жұртына шыншыл жедел ақпарат беріп, тұшымды ой, ұтымды пікір айтып, шығармашылық ізденістерімен оқырмандарына мінсіз қызмет етіп келеді.

Мерекелік репортаж

«Көктемнің бір күні жылға азық» деуші еді, диқандар. Әр күні егінін баптау, суару, құнарландырумен өтсе, күзгі жиын-терінінің мол боларын біледі, олар. Сосын да алдағы күнге үміт артып, тыным көрмейді. Журналист те сол. Жыл он екі ай шығатын газетінің әр нөмірін сапалы шығаруға тырысады. «Сапалы шығару» деген ұғым тың мақалалар, жаңа тақырыптар, шұғыл ақпарат, таза тіл, көркем макет, әдемі сурет, қатесіз бет деген сияқты көптеген талаптардың басын құрайды. Бүгін біз қолыңыздағы «Көкшетаудың» бір күнін алдарыңызға жайып салмақшымыз.

Газеттің бір күні –
бір белес

          Күн «Көкше-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жалғасбек Маратұлы өткізген лездемеден басталған. Ол алдымен жарнама және газет тарату бөлімдері қызметкерлерінің есептерін тыңдады, тапсырма берді. Сосын «Көкшетау» мен «Степной маяк» газеттерінің басылым сапасы туралы әңгіме қозғады. Баспасөз күніне байланысты конкурсқа қатысқан журналистер, олардың нәтижелері туралы сұрап білді.

DSC_Гакку Суретте: облыстық, республикалық шығармашылық байқаулардың жеңімпазы атанып, оқырмандардың көзайымына айналған дарынды журналистер Әсем Жүніс, Гәкку Асылбекқызы мен қос басылым – «Көкшетау» мен «Степной маяк» газеттерінің сайт әкімшісі Алма Токмолдина.

  – Кеше ғана бөлім меңгерушісі Әсем Құлжанова Астанадан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдықсаяси жұмыс комитеті жариялаған байқауының Алғыс хаты мен ақшалай сыйлығын алып келді. Гәкку Бәйішева облыстық «Алтын қалам» байқауына ұсынылған, жолдаған материалдары жақсы, үмітсіз емеспіз, – деді «Көкшетаудың» бас редакторы Серік Жетпісқалиев.
– Біздің қызметкерлер де өздері жазатын салалар бойынша конкурстарға қатысқан. Жыл бойы жазған мақалалары елеусіз қалмас, – деп оның сөзін «Степной маяк» газетінің бас редакторы Қарлыға Мұқатаева іліп әкетті.
– Әкім қала нысандарын аралайтын болса, көлік дайын. Әзір бір ғана фототілші Вячеслав Губанов жұмыс жасайды. Валентина Отт демалыста соны ұмытпаңдар, жоспарлағанда байқағайсыздар! Күнделікті тақырыптар белгілі, оған қоса тұрғындардың заңды білуі, құқықтық сауаттылық, діни экстремизмге қарсы күрес жөніндегі мақалаларға аса мұқият, ықтиятты болыңыздар. Ал, істеріңізге сәттілік тілеймін! – деп директор Ж.Сүлейменов лездеменің аяқталғанын аңғартты.
Одан әрі редакциялардың күнделікті қауырт қимылы басталып кеткен. Газет басшылары сағат 10-да, қала әкімдігіндегі аппарат мәжілісіне қатыспақ. Оған дейін көп мәселе шешіліп қалуға тиіс. Өйткені, ертеңгі сейсенбі күнгі газет бүгін дайындалып баспаханаға беріледі. Бұған дейінгі материалдар өз алдына, дәл бүгінгі өткен шаралар, жиналыстар осы газетке жариялану керек. Бұл редакцияның барлық қызметкерлерінен шеберлік пен жылдамдықты, жинақылықты талап етеді. Мақала әрі тез, әрі сапалы шығуы шарт. Газеттің қайнап-пісетін орыны жауапты хатшының және компьютер цехының кабинеттері. Журналистердің жазған дүниелері осында бетке түсіп, орналастырылып, дайындалады. Бас редактор жауапты хатшы кабинетіне таяғанда, іштен көңілді күлкі естілген. Себебін журналистика саласының байырғы маманы, ардагер журналист, бүгіндері газеттің жауапты хатшысы Балталы Сәрсенбаев ағамыз айтты:

DSC_Асхат Суретте: «Көкшетау» газетінің бүгінгі ардагері, корректор Күлжиян Айтманованың жас әріптестері компьютер қызметінің жетекшісі Асхат Шәріпбаев пен жарнама менеджері Әсел Зайнулинаға айтар тағылымы мол.
Суреттерді түсірген Вячеслав Губанов.

– Менің көмекшілерім ылғи ығай мен сығай. Тәжірибе дегеннің жөні бөлек қой. Мына, корректорымыз Күлжиян Айтманова тек әріп қатесін емес, стилистикалық қателерді, мәтіндегі кейбір логикалық қисынсыздықтарды да қия бастырмайды. Фототілші Вячеслав Губановтың қоржынында бүгінгіден бастап, сонау өткен замандардағы суреттердің бәрі бар. Ал, бет құрушы Асхат Шәріпбаев бар ғой, мына компьютердің құлағында ойнайды! Бұлармен жұмыс жасаудың өзі бір ғанибет!
– Компьютердің мүмкіндігі көп қой! Жүрші, Асхат Шәріпбаев пен Алма Тоқмолдина біздің сайтымызды біраз жетілдірген екен. Соны қарайық, қосымша ұсынысымыз болса, айтайық, –деген бас редактор, газеттің электрондық жарияланымын жасап отырған маман кабинетіне қарай жол бастады.
Сөйткенше, қала әкімшілігінен қоңырау түсті. Қала басшысы мөлтек аудандардың бірінде балалар ойын алаңының салыну барысын, бір мектептің жөнделуі жайымен, жазғы лагерь жұмысымен танысады екен. Одан соң жағажайдың жағдайын да білетін тәрізді. Соған екі журналист пен фототілші баруы керек. Әсем Жүніс пен Евгений Кимов және Вячеслав Губанов шұғыл аттанып кетті. Енді олар тез оралып, шыққалы жатқан нөмірге мақала мен фотосуреттер ұсынуға тиіс. Оған дейін басқа беттер құрылып, кезекші мен корректор беттерді оқып, редактор қажет болса өзгерту, түзетулерін енгізіп, қол қоя береді. Қалған беттер аттанған топтың материалдарды дайындап ұсынуына байланысты. Мұндайда уақытпен ешкім санаспайды. Барлық мақсат – газеттің сапалы шығуы. Асығыстықтың опындырарын қызметкерлердің барлығы да біледі.
Бас редакторлар Серік Сапарұлы мен Қарлыға Шәріпқызы әлдебір жиналысқа, Балталы Сәрсенбаев қалалық әкімдіктегі өзі мүше комиссиялардың біріне шұғыл барып келуге жиналып жатты. Арада біраз уақытта олар қайтып келіп, өздері қатысқан жиындар туралы хабарларды жазып берді.
…Іскерлік, ұшқырлық журналистерге аса бір қажетті мінез. Орала салысымен Әсем Жүніс әкімнің жұмыс сапары жөнінде мақаласын шұғыл жазып бітірді. Фототілшінің түсірілімдерінен тәуір сурет таңдалды. Сөйтіп, көп кешікпей, барлық беттер құрылып, дайын болып, редактор алдынан өтіп, баспаханаға жөнелтілді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өз ісін жетік білетін мамандар мерекелік тағы бір тартымды нөмірін уақытылы дайындап, көтеріңкі көңіл-күй үстінде тарқасты. Бұл – Арқадағы 86 жылдық тарихы бар «Көкшетау» газеті редакциясының бір күнгі жұмысы. Алда, келесі нөмір…

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс