30 отбасы қоныс тойын тойлады

DSC_2258

Тәуелсіздігіміздің талбесігі саналған Астана күнін шаруашылықтың әр саласында өндірістік жоғары жетістіктермен қарсы алу отандастарымыз үшін ізгі дәстүрге айналған. Күні кеше көкшетаулық 30 отбасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінің» бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйден пәтер кілтін алды. Қоныс той иелерін облыс әкімі Сергей Витальевич Кулагин құттықтады.

«Мен жақында ғана Зеренді ауданындағы «Троицк» шаруашылығынан келдім. Онда жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, ал Зерендінің өзінде 250 орындық емхана ашылды. Бұл біздің өңірде жаңа нысандар жиі қатарға қосылып жатқанын білдіреді. Елбасы халқымыздың өзіне лайықты баспанаға ие болуы жайлы мәселені ылғи көтереді. Біз бұл тапсырманы жоспарлы түрде орындап келеміз. Сіздерді баспаналы болуларыңызбен құттықтаймын және мұндай маңызды шара Ораза айты мен Астана күні қарсаңында жүзеге асып жатқаны үлкен мәнге ие», – деді өзінің құттықтау сөзінде өңір басшысы.
Қоныс тойын тойлаушылар да қарап қалған жоқ. Елбасына, өңір және қала басшыларына алғыстарын айтты. Жаңа пәтердің иесі Станислав Дубровец: «Осындай мемлекеттік бағдарламаны ойлап тапқан Елбасына рахметімді айтамын. Біз екі бөлмелі пәтерге 6 жыл қаржы салдық. Бағасы мен шарты қолайлы. Қалада жаңа үйлер салынып, аулалардың жаңарып жатқанына өте қуаныштымыз. Бұрын Көкшетаудан басқа жаққа қоныс аударамын деп жүретін едім, енді ол ойымнан мүлдем айныдым», – дейді.
Салтанатты кілт тапсыру рәсімінен кейін облыс әкімі Сергей Кулагин дәстүр бойынша жаңа пәтер иесі Кәрібжановтың отбасының дастарқанынан дәм татты. Отбасының кенжесі оқу бітіріп, диплом да алып жатыр екен. Қос тойды қатар атап өтіп жатқан шаңырақтың қуанышы шексіз. Өңір басшысы әр отбасына осындай шаттық тіледі.
Еске сала кетейік: биыл облыс орталығында 75,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 6 мың шаршы метр тұрғын үй мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтерді. Жыл соңына дейін жас отбастарына, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына және басқа да категориядағы азаматтарға 500 пәтер беру жоспарлануда.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс