4 білім ошағы бой көтерді

Жаңа оқу жылы қарсаңында Щучинск және Ерейментау қалаларында, Целиноград ауданының Тайтөбе елді мекені мен Еңбекшілдер ауданының Мақпал ауылында 4 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, шәкірттерді қуанышқа бөледі.

Жаңа білім ордаларының бірі – №7 Щучинск мектеп-гимназиясының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі С.Кулагин оқушыларды Білім күнімен құттықтап, сәні келіскен мектепте сапалы білім алып, ел болашағының тұтқасын берік ұстайтын шәкірттердің тәрбиеленетініне сенім білдірді. Салтанатты шара барысында алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған 1 сынып оқушылары Рамазан Айсұлтан мен Малика Васильева жаңа білім ордасының лентасын қиды. Мектеп-гимназияда 1-11 сыныптарда 910 оқушы мемлекеттік тілде білім алатын болады. Білім ордасында су жаңа жабдықталған кабинеттері, сынып бөлмелері, кең де биік спорт залы, асхана, шеберханалар, мультимедиа кабинеті, мәжіліс залы мұнан басқа абаттандырылған жаздық спорт алаңы, гүлзарлар бар.
Мектеп ішін аралап көрген өңір басшысы осындағы оқу кабинеттеріне, спорт және мәжіліс залы мен асханаға бас сұқты. Мұндағы барлық жағдай талапқа сай екеніне, заманауи тұрғыда, жаңа үлгіде жасалған құрал-жабдықтар арқылы көз жеткізілді. «Тәуелсіздік жылдары өңірде 41 жаңа мектеп, 24 балабақша салынды. «Балапан» бағдарламасы аясында облыста 337 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істеуде. Биылғы жылдың өзінде өңірде төрт мектеп салынды. Қазан айына дейін Целиноград ауданының 96-разъезінде жаңа мектеп, Көкшетау қаласының Станционный поселкесінде балабақша ашылатын болады. Енді мұғалімге де, оқушыға да екі есе міндет жүктеледі. Барлық жабдығы әзір жаңа мектепте неге жақсы оқымасқа?», – деді өңір басшысы. Жаңа оқу жылы қарсаңында Целиноград ауданының Тайтөбе ауылында 300 орындық жаңа мектептің ашылуы бүкіл аймақ тұрғындары үшін мерекеге айналды. Бұл елді мекен бүгінде Елордаға жақын орналасқандықтан, жан-жақтан көшіп келушілер көбейіп отыр. Осыған орай, әлеуметтік нысандар салу қажеттілігі туындағаны белгілі. Әсіресе, үш ауысымды мектептер мәселесі тұрғындарды алаңдатумен келгені рас. Енді міне, бұл мәселенің де түйіні шешілді. Жаңа мектеп құрылысына 843 миллион 919,0 мың теңге қаржы жұмсалған.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс