500-ге жуық отбасы баспаналы болды

Көкшетау қаласындағы «Сарыарқа» мөлтек ауданында бой көтерген көпқабатты үйлердің кіреберіс есіктеріне түрлі-түсті шарлар ілініп, бүгін ерекше күн екендігінен хабар беріп тұр. Қуаныштан жүзі бал-бұл жайнаған жұртшылық ағылып келіп жатыр. Балалар да асыр салып, мәз-мейрам. Сахна безендіріліп, әдемі әуен қалықтап тұр. Бұл – баспаналы болғалы тұрған көкшетаулықтардың көптен күткен сәті. Астана күні қарсаңында өткізілген игі шараның мәні зор. 500-ге жуық тұрғынның әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедек және толық емес отбасылары санатындағы 135-іне пәтер кілті табыс етілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен қала әкімі Ермек Маржықпаев, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өқілдері, кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Көкшетаулықтарды осы қуанышымен облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтады. Қолжетімді баспана бағдарламасы Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі екеніне тоқтала келе, өңір басшысы халықты тұрғын үймен қамту мәселесіне Президентіміздің ерекше назар аударатындығын атап көрсетті. Жыл сайын елімізде миллиондаған шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Біздің облысымызда да бұл көрсеткіш жылма-жыл артып келеді. Биылғы жылдың 6 айында облыс орталығында 90 мыңнан астам шаршы метр баспана халық игілігіне жарады. Бұл жылдық жоспардың 70 пайызын құрайды. Осы жұмыстар одан әрі жалғасады дей келе, облыс әкімі пәтер кілтіне ие болған көкшетаулықтарға бақ-береке тіледі. Көпбалалы отбасының отанасы Нұргүл Сақтағанова бүгінгі қуанышымен бөлісіп, үш бөлмелі пәтерге қол жеткізгені үшін ел Президентіне, облыс басшылығына алғысын білдірді. Қазақстандықтардың қатарында өздері де осындай мүмкіндікке ие болғанына шексіз ризашылығын айтты. Облыс және қала басшылары баспаналы болған екі отбасының пәтеріне кіріп, жайылған дастарханнан дәм татып, тұрғындармен шүйіркелесті. Әңгіме барысында халыққа жасалып жатқан жағдай, әлеуметтік мәселенің оң шешімін табуы жайлы айтылды. Сондай-ақ,
өңірді дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуына тұрғындардың да белсенді қатысуы маңызды екені ортаға салынды. Үш бөлмелі пәтерге қолы жеткен ауған жауынгері Қайрат Сәдуақасовтың отбасы шаттыққа кенелді. Туған-туыстары да мәз-мейрам. Облыс және қала басшылары интернационалист-жауынгердің жаңа пәтеріне арнайы кірді. Шашу шашылып, тілектер ақтарылған қуанышты сәттің куәсі болды.
– Мен пәтер кезегінде 17 жыл тұрдым. Міне, арманым бүгін орындалды, – дейді қуанышы қойнына сыймай тұрған мұғалім Майя Құлболдина. Өзі ауданнан қалаға көшіп келгеннен бірден пәтер кезегіне тұрыпты. Талай жыл төзімділікпен күтіп, жайлы да жаңа баспанаға қолы жетіп, қолына тиген кілтімен пәтерінің есігін ашқанша тағат табар емес. Толқу үстінде көзіне келген жасын да сүртуге шамасы келмей, барлық көкшетаулықтар мен сияқты пәтерге ие болсын деген тілегін қайталап жеткізді. Әрине, адамға ең бірінші қажеттісі – жайлы шаңырағыңның болуы. Ал, оған қолың жеткендегі шаттықты сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұл күні баспаналы болған барлық көкшетаулықтардың жүзі бал-бұл жанды.
Салтанатты шарадан кейін өңір және қала басшысы облыс орталығындағы «Боровской», «Юбилейный» мөлтек аудандары мен Әуезов көшесінде салынып жатқан екі көпқабатты үйлерге барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл үйлердің барлығының дерлік ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып келеді. Бірқатарының даулы мәселелері болған, қазір шешімін тауыпты. «Сауда-Plast», «Алуа», «Есіл» сияқты құрылыс компанияларының 4 жаңа көпқабатты тұрғын үй кешендері күні ертең-ақ көкшетаулықтардың игілігіне жарайтын болады.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс