500 жоба қолдауға ие болды

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған уақыт аралығында Ақмола өңірінде 500-ден аса жоба қаржылық қолдауға ие болған. Биыл өңірде 4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып, елуден аса азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Бірі жеке кәсібін енді бастаса, басқасы қомақты қаржыны өндірісін кеңейтуге жұмсапты. Осы жылдың өзінде ақмолалық кәсіпкерлер 3 миллиард теңге қаражат алыпты. Бүгінде облыста шағын және орта бизнес саласында 131 мың адам жұмыспен қамтылған. Биылғы жылдың 8 айы ішінде кәсіпкерлік саласында 4290 жаңа жұмыс орындары құрылды.

Мемлекеттің демеуімен бизнесін ширатып алған іскер азаматтың бірі – Әмір Сақтағанов. Оның жиһаз цехы жылдан-жылға өндірістік қуатын арттыра түсуде. Сонау 2009 жылы ол қолындағы бар қаражатқа қондырғылар алып, шағын гаражда жалдамалы жұмысшымен бірге жиһаз өндірісін қолға алады. Тәжірибе жинақтай келе «Көкше-Мебель» серіктестігін құрады. Уақыт өте келе тапсырыс көбейіп, үлкен өндірістік ғимаратты жалға алған. Содан бері кәсіпорын өсіп, өркендеді. Алайда, қазір бәсекелестік жоғары. Сондықтан да осы саладағы өзгерістерді қалт жібермеуге тырысатын кәсіпкер тұтынушының көңілінен шығарлық жиһаз жасау үшін заманауи қондырғылар қажет екендігін айтады. Ал, ондай құралдар арзан тұрмайтыны белгілі. Бастаған ісін ілгерілетіп, өндіруден бастап өз өнімін таратуға дейінгі жұмыстың толық циклын жөнге келтіру үшін Әмір Сақтағанов биыл «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан өңдеуші кәсіпорындарды қолдауға бағытталған «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша несиеге қол жеткізді. Кәсіпкер бұл қаражатқа ПВХ ағашын өңдейтін автоматтандырылған станок пен шикізат алды. Осылайша, жиһаз өндірісін дұрыс жолға қойып, жаңа технологияларды енгізу арқылы өндіріс көлемін еселеп арттыруда. Бүгінде компания жұмсақ және құрастырмалы жиһаздың 150 түрін шығарады.

Ісі ілгері басқан кәсіпкер жаңа жұмыс орындарының ашылуы, өндіріс қуатының екі есе артуы – мемлекеттік бағдарламаның жемісі деп біледі. «Біз жиһаз бөлшектерінің басым бөлігін өзіміз жасап жатырмыз. Бұрын құрылғылар болмағандықтан, оны дайын күйінде сатып алатынбыз. Бұл несімен тиімді дегенге келер болсақ, біріншіден, өзіндік құны арзандады, екіншіден, біз өзімізге қажетті өлшемдер бо-йынша кесуге мүмкіндік алдық. Қазір екінші жобаны бастадық. Ол бойынша жаңа өндірістік ғимарат ашылады. Міне, мұның бәрі мемлекеттік бағдарламаның шарапаты. Осының арқасында өндіріс көлемін ұлғайттық»,–дейді кәсіпкер Ә.Сақтағанов. Өлкеде әлеуметтік нысандармен қатар өндірістік жобалар да іске асуда. Бүгінгі күні Ақмола облысында шағын және орта кәсіпкерліктің 60 мыңнан аса нысаны бар. Бизнесті қолдаудың нәтижесінде соңғы уақытта жаңа қызмет түрлері пайда болып, ауылдарда тұрақты жұмыс орындары ашылған. «2010-2016 жылдар аралығында 455-ке жуық субсидия бойынша кәсіпкерлерге қолдау көрсеттік. Биыл осы субсидия бағыты бойынша 100-ге жуық кәсіпкер көмек алды. 54-ке жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде 40-қа жуық жұмыс орны құрылды», – дейді «Даму» қорының бас менеджері Ерболат Едігеев. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті дамыту және қолдаудың бірыңғай жүйесін жүзеге асыру үшін облыста осы кезең ішінде республикалық бюджеттен және ұлттық қордан 10 миллиард теңге бөлінген.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс