Тәуелсіздік шеруі

Айдос Әбутәліпов ағамыз сексеннің сеңгіріне шықса да қолынан қаламы түспей, тәуелсіздігіміздің еңселі табыстары, бағындырған белестері, алған асулары шабытына шоқ салып, өз оқырманына тың туындылар ұсынып келеді. Мамандығы экономист бола тұра, кезінде Кеңес үкіметінің жауапты қызметтерін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп атқарса да, сол кездің өзінде ол дуалы ауыз қариялардан өткеннің әңгімесін, елдің тарихын, өңірдің шежіресін жазып алып, жадында сақтаған. Осындай мұқияттылық оның қоржынын толтырып, көңіл көкжиегін кеңейтіп, білім-білігін жетілдіре түскен. Өзі ел ағасы жасына жеткен соң Айдос аға білген-түйгенін кейінгі жастарға жеткізуді қолға алып, бірнеше кітап жазды. Сезімі сергек, пайымы парасатты қаламгер тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай ой толғап, тағы бір толғау жазыпты. Төменде оның осы сиясы кеппеген жаңа шығармасын оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Айдос Әбутәліпұлы,
Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері

Тәуелсіздік шеруі

І
Жаратқан бар ғаламды Алла шебер,
Ай мен күн, сансыз жұлдыз шексіз кетер.
Жұмыр жер серіктесіп қуат алған,
Солармен шендесері емес бекер.

Мейірі жаратқанның жерге иген,
Ерекше нұрландырып үлес тиген.
Ауа, су, жан-жануар, тіршіліктің,
Паналар құт мекені болып сүйген.

Дүние осылайша сараланған,
Тіршілік қара жерден нәр алғаннан.
Өзгеге ұқсас емес адамзатқа,
Ерекше сана беріп жаралғаннан.

Өткенге көз жүгіртіп жүгінсе ой,
Өмірі адамзаттың арпалыс қой.
Бәріне жалтартпайтын жалғыз куә,
Жарықтық киеліміз жұмақ жер ғой.

ІІ
Жер десем жігерленіп өседі өрем,
Кең-байтақ көркіне көңіл бөлем.
Символы азаттықтың желбіреген,
Көгінен Қазақстан туын көрем.

Ежелгі Ұлы дала ұланымыз,
Мұз балақ қия шолған қыранымыз.
Ерлік пен әділетті ту көтерген,
Бейбітшіл, ел бірлігі ұранымыз.

Шежіре, түп қияннан ұққанымыз,
Күн сүйген Көктүріктің ұрпағымыз.
Табиғат сыйға тартқан жерімізбен,
Тәубе деп шаттанамыз, ұтқанымыз.

Алатау, Алтай, Көкше өлке ардақты,
Атырау, Ұлытауым жер атақты.
Сарыарқа, Ертіс, Есіл еркелеген,
Қазақтың пейіліндей кең шуақты.

Мекені әулие мен даналардың,
Айбынды алып батыр даралардың.
Аттары аңыз толы әпсанадан,
Рухы жебеп жатқан бабалардың.

Құдайдың құлдарындай зор атағы,
Шыдатпай бірін-бірі мол шатағы.
Ақ орда, Алтын орда Көк ордалар,
Қаңырап қалған талай хандар тағы.

Сабақтап Сақ пен Ғұннан ой желісін,
Өрбітсем өркендеген жұрт жеңісін.
Тоныкөк, Күлтегін мен Еділдердің,
Ерлігі бекіткендей ел іргесін.

Ірескен өңкей бөрі арасынан,
Сан қырғын қиғылықты таласынан.
Сытылып шыққан Қайсақ-Қазақ тегі,
Құтылған ала көздер қарасынан.

Бетке алып Алатау мен Қаратауды,
Сұлтандар Керей, Жәнібек бұлттай ауды.
Шу бойы Қозыбасы өңіріне,
Бел шешіп ұйғарады тоқырауды.

Ұлы көш – қазақ көші отау тігіп,
Сыйынып тілек тілеп тізе бүгіп,
Керейді хан сайлайды рәсіммен,
Киелі ақ киізге отырғызып.

Іргелі ел болуды армандаған,
Өмірден өз үлесін аламдаған –
Қазақтың қилы заман, қиын жолы
Басталды осы кезден алаңдаған.

Қаланып іргетасы елдігіміз,
Біріксек білек түріп ерлігіміз.
Білінген сол бір тұста елес еді
Дегізген бейбіт өмір ендігіміз.
Пайда боп қаскөй жауыз Жоңғар, Қалмақ,
Шапқындап әлсін-әлі салды салмақ.
Мазалап шырқын бұзды тиыш елдің,
Түпкі ойы, тырп еткізбей басып алмақ.

Қазаққа қара бұлттай төнген қауіп,
Айықпай айқасқанмен қыбын тауып.
Сан жылдар созылумен шектен шыққан,
Қисынсыз қақтығыстар жандай шауып.

Зерделеп Қасым ханның «қасқа жолын»,
Еске алып Есім ханның «ескі жолын».
Беруге бір тойтарыс жоңғарларға,
Жәңгір хан жинақтаған қазақ қолын.

Елу мың жер қайысқан жоңғар қолы,
Өтпек боп Орбұлаққа түсті жолы.
Алты жүз жасырынған пілте мылтық,
Қарсы алмақ тар шатқалдың оң мен солы.

Айласы асты осылай Жәңгір ханның,
Бір сәтте қырылғаны он мың жанның.
Қалмаққа қапелімдік қатты батты,
Астында ажал құшып қалың шаңның.

Жиырма мың сарбазымен Жалаң төсте,
Жарқылдап жай оғындай алды төске.
Батырлар тізе қосып қиқулады,
Іс болды көрерліктей өң мен түсте.

Бұл бір сәт айналғанды бетбұрысқа,
Жоңғарлар байқап басар енді ұрысқа.
Ес жиып қазақ елі біраз жылдар,
Тәуке хан кіріскенді зор жұмысқа.

Қолға алып ауыз бірлік ынтымақты,
Үш биге ел басқартып аруақты,
Жаздырып «Жеті жарғы» уағыздаған,
Азайып ішкі тартыс тиянақты.

Жоңғар да қара жүрек көзін тіккен,
Ойында өшпенділік кегі бүккен.
Билікке жаңа келген Қалдан Серен.
Қатыгез әскер жиып жүр шүйліккен.

Қара құрт дерсің мұздай қаруланған,
Тыңдамас аң тәріздес хайуаннан.
Төндіріп ажал бұлтын аждаһадай,
Жоңғарлар кеткен сірә қаймығудан.

Жетісу, оңтүстікті баса көктеп,
Өңмеңдеп, көк сүңгісін сұға тіктеп.
Бас салды тұтқиылдан бар ойлары –
Қазақты астарына салмақ бүктеп.

Тағдыры қыл үстінде қазағым-ай,
Күн туды өлім, өмір екі талай.
Қырылып құмырсқадай, бас сауғалап,
Сарыарқа, кең даласын кетті шарлай.

Тыңдаған мұңға толы зарлы үнін,
Қазақтың қанды кешу қара күнін.
Ойға алсақ елестете күңіреніп,
Көзге жас үйіріледі күні бүгін.

Үш жүзге ұран тастап қазақ елі,
Жиылды батырлардың асқан ері.
Сәмеке, Болатханның туы астында,
Бас сардар Әбілхайыр ердің ері.

Ұлтымның әр батыры мыңға татыр,
Кеңесті шұғыл шара тігіп шатыр.
Айналдым аруағынан осылардың,
Орнатқан жоңғарларға заманақыр.

Қазақтың қасиетті ойы, өрі,
Өңірі Ит ішпестің Алакөлі.
Атақты Аңырақай шайқасында,
Қазылған жау жоңғардың болды көрі.

Көрсетіп екі жүз жыл ерлік, айбат,
Күресіп жаулығымен Жоңғар, Ойрат.
Нүктесін қойған еді «Шаңды жорық»,
Жеңіспен ұран тастап Абылайлап.

Секілді тордан ұшқан ұқсап құсқа,
Қазаққа бақ қонған-ды сол бір тұста.
«Ерлік пен серіліктің заманы» деп,
Аталған дәуренді шақ болды қысқа.

ІІІ
Жымысқы залым көрші, мысық табан,
Ақ патша айласы мол мысы басқан.
Қазақты ата жұрттан ығыстырып,
Аяусыз озбырлығы шектен асқан.

Бодандық бұғауынан азап шеккен,
Талайлар қаза тапты ыза кекпен.
Айбыны арыстандай хан Кененің,
Өкініш, қан майданда басы кеткен.

Тұншыққан Алаш үні ар намыстан,
Тарихы тұмшаланып тұтас дастан.
Әлихан, Ахметтер арыстарым,
Арманшыл басын тіккен әуел бастан.

Ақжайық, Орынбор мен Омбы, Түмен,
Айрылып жаралады жанды мұңмен.
Шұбырған шекпенділер одан әрі,
Құтырып тоқтамаған араны кең.

Сұмырай, Голощекин, Хрущевтар,
Еліме қанды қоқай орнатқандар.
Қорлаған зұлымдықпен, ашаршылық,
Жазықсыз қуғын-сүргін, ақтаңдақтар.

ІV
Аңсатқан ақ сәулелі азаттығым,
Ардақты алты алашқа асқар ұғым.
Ерлікпен қол жеткізген Тәуелсіздік,
Арманның аялаған шыңы бүгін.

Тәңірден тілейтінім жатсам, тұрсам,
Тәубе етем, көп нәрсеге мойын бұрсам.
Ерлеткен егемендік әр жылының,
Өзіндік маңызы зор терең ұқсаң.

Ұйқыдан оянғандай Ұлы далам,
Дүркіреп дүр сілкінді сай мен салам.
Рухы қазағымның керемет қой,
Көз тікті таң қалысып барша ғалам.

Төрінде Ұлы Дала асқақтаған,
Астана арман қала сыр сақтаған.
Жас буын ұрпағымның ұлағатты,
Өшпейтін шежіресі жыр жаттаған.

Айналды ордасына ғылым, білім,
Айнасы ұлттығымның тілім, дінім.
Бұлқынып болашаққа құлаш ұрған,
Қайнады қызу еңбек таппай тыным.

Ойнады төбемізде Көк туымыз,
Жарқырап төскейінде Елтаңбамыз.
Ер жүрек еңсемізді емендейін –
Тіктедік, бек бекіді шекарамыз.

Дәм тартып әр қиырдан қотаныма,
Тоғысқан ұлттар ұлыс қоғамыма.
Айналдық айнымайтын ақ ниетті,
Достық пен ынтымақтың Отанына.

Адасқан келді тауып берекеміз,
Телмірмей теңесті ғой тереземіз.
Адалдық, әділетті ту көтеріп,
Халқыма имандылық керегіміз.

Панамдай сүйенерім, арым, ойым,
Киелі елім, жерім, қыр мен ойың.
Әр күнім, арайлаған атқан таңым,
Мереке, Тәуелсіздік сенің тойың.

Тарихтың қилы жолын артқа тастап,
Жалғасқан Ұлы көшті қоштап, қостап.
Сәт сапар, Мәңгілік Ел арманымыз,
Барады Көшбасшымыз өзі бастап.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс