6 мың жылдық тарихы бар кешен

Бурабай демалыс аймағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ботай» мәдени-тарихи музейінің визит орталығы ашылды. Жекебатыр тауының баурайындағы Ақылбай орман шаруашылығы аумағында салынған визит орталықты ашу рәсіміне ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, «EQUUS» көркем кинотрилогиясының продюсері Нұрбол Баймұханов, жоба авторларының бірі, тарих ғылымдарының докторы, археолог, Ботай мəдениетін ашқан ғалым Виктор Зайберт қатысты.

Ботай мәдениеті – энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті болып саналады. Ескерткішке 1981-1983 жылдар аралығында профессор Виктор Зайберттің жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде ауданы 15 гектар жерді алып жатқан қоныстан 158 үйдің орны қазылып аршылған. Сондай-ақ мұнда ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігі анықталған.
Осы орайда Дәурен Абаев аталған мәдени кешеннің еліміз үшін маңызды екенін атап өтті. «Осыдан бір жыл бұрын біздің министрлік «Жылқы» телевизиялық ғылыми жобасына қатысты. Әлемнің 16 елі қатысқан жобаның мақсаты – жылқының шығу тарихы мен эволюциясын зерттеу. Ғалымдар алғашқы жылқылар Қазақстан аумағында, яғни қазіргі Астана, Ақмола облысының ареалында осыдан 4 мың жыл бұрын қолға үйретілгенін анықтаған. Жоба жыл соңына дейін аяқталады. Сондықтан аталған жоба біз үшін маңызды. Осы жобаға Ақмола облысының әкімдігі қызығушылық танытып, «Ботай» мәдени-тарихи музейінің визит орталығын ашуды қолға алды. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр», – деді министр. Сонымен қатар Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «Ботай» мәдени-тарихи музейінің визит орталығы өңірге шетелдік және қазақстандық туристерді көптеп тартуға мүмкіндік беретінін айтты. «Бұл кешен Бурабай демалыс аймағында орналасуымен бағалы. Біз тарихи кешенді жаңа ғана аштық. Бірақ соған қарамастан туристер келіп, қызығушылық танытуда. Бұл нысан бізге қазақстандық, ресейлік, шетелдік туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.
Ботай мәдениетіне тән нысан жеті баспанадан тұрады. Әр баспананың диаметрі 8-10 метрді құрайды. Үйлердің жертөлелері бір метр тереңдікте, ал жоғары жағы ағаштан қиылып салынған. Төбесі шөп, тері, балшық және сабанмен жабылған, әрі барлық үйлер жерасты жолы арқылы бір-бірімен жалғасады. Әр үйдің сол кезеңге сай өзіндік ерекшеліктері бар. Кешенді тамашалауға келген қонақтар энео-
лит дәуіріндегі қару-жарақтар мен тұрмыстық құралдарды көре алады. Сондай-ақ EQUUS көркем кинотрилогиясының продюсері, жоба авторларының бірі Нұрбол Баймұханов «Ботай» мәдени-тарихи музейінің визит орталығын салуға қанша қаржы бөлінгенін мәлім етті. «Жобаға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Ақмола облысының әкімдігі қолдау көрсетті. Жобаның құны – 70 млн теңге. Кешенді «Шежіре DNA» компаниясы 30 күнде салып бітірді. Тарихи музей 6 мың жылғы тарихымызды көрсетеді. Мұндағы үйлер – киіз үйдің алғашқы прототипі. Ақмола облысында Ботай қорымы табылғанын білесіздер. Соның үлгісінде біз осы кешенді тұрғыздық. Профессор, археолог Виктор Зайбертпен ақылдастық. Мұнда келген азаматтар ежелгі Қазақстанның тарихымен танысып, рухани азық алады», – деп түйіндеді сөзін ол.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий