«7-20-25»: Баспаналы болудың жаңа тетігі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасы аясында шілде айынан бастап «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі таңда еліміз бойынша жеті банк оның нақты операторы деп танылды. Бағдарламаның жаңалығы неде? Оған кімдер қатыса алады?

Бағдарламада ресми кірісі бар әрбір жұмыс істейтін азаматқа 20 па-йыздан аспайтын мөлшерде бастапқы жарнамен 25 жылға дейінгі мерзімге, 7 пайыздық мөлшерлемемен ипотека ресімделеді. Ипотека алушыларға қойылатын негізгі талаптар: бастапқы жарнаның міндетті түрде болуы, тұрақты табыс көзінің болуы, меншікте ешқандай тұрғын үйдің болмауы және де ипотекаға тек жаңа баспана берілуі тиіс.

Жаңа бағдарлама кешегі Жолдауда да күн тәртібінен түскен жоқ. Себебі, қарапайым халықтың тұрмысын жақсартатын бастама. Дегенмен, бұрын-соңды болмаған аз пайызбен берілсе де, бағдарламаның белсенділігі әлі төмен. Кей өңірде жаңа үй жоқ, кей өңірде бар болса да, қымбат. Президент жыл соңында әкімдердің жұмысын осы бағдарлама арқылы бағалайтынын айтты. Соңғы деректерде «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2179 адам үй алған. Оның 30 пайызы Астананың, 29 пайызы Алматының үлесінде. Қалған аймақтарда көрсеткіш 10 пайыздан аспайды.

Биылғы Жолдауда «7-20-25» бас-пана бағдарламасының өзектілігін арттыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктелді. Соның бірі – бастапқы жарнаны азайтуға мүмкіндік беретін тұрғын үй сертификаттарын беру. Бағдарламаға халықтың қызығушылығын арттыру үшін алдағы жылдары 50 мың сертификат беріледі. Бір сертификаттың құны 1 миллион теңге. Оны бастапқы жарна ретінде бюджеттік және әлеуметтік мекеме қызметкерлері пайдалана алады. Оның ішінде ұстаздар, дәрігерлер мен полицейлер де бар. Ал, сертификатты кімге және қалай беру керектігін әкімдіктер шешеді. Мысалы, сертификат тегін немесе ұзақ мерзімге пайызсыз қарызға берілуі мүмкін. – Бұл жерде біздің ұсынысымыз бойынша екі жоба бар. Біріншісі, қайтпайтын көмек ретінде беріледі, екіншісі ұзақ мерзімді несие пайызсыз. Қайтарылымы бар бірақ, несие ретінде беріледі. «Баспана» бағдарламасы жазда басталды. Әзірге бірнеше өңірде баяу жүзеге асып жатқаны рас. Тұрғын үй сертификаты мен екінші нарықтағы пәтерлердің бағдарламаға қосылуы оны қаншалықты ширататынын уақыт көрсетеді, – деп түсінік берді «Баспана» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

Биыл Ақмола облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 14 арендалық үй пайдалануға беріледі. Бұл 3 есе өсімді білдіреді. «Несие түріндегі 4 үй қатарға қосылып, былтырғы көрсеткіштен 2 есе артпақ. 2019 жылы еліміздің Тәуелсіздік жылдарында алғашқы 500 мың шаршы метр-
ден астам тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», – деп атап өткен болатын Елбасы Жолдауын талқылауға арналған жиын барысында облыс әкімі М.Мырзалин.

Ипотекалық несиелеудің жаңа бағдарламасының арқасында тұрғын үй алудың қосымша мүмкіндіктері пайда болды. Осы орайда өңір басшысы облыста тұрғын үй сертификаттарын іске қосуды тапсырды. «Аймақтар арасында Ақмола облысы үздік үштіктің қатарынан көрінді. Алда ауқымды жоспарлар бар, босаңсуға болмайды. «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруды есепке ала отырып, құрылыс басқармасы тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық өсімін 8% арттыруды қамтамасыз етуі қажет. Елбасы тапсырмасына сәйкес тұрғын үй алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында облыстық құрылыс басқармасы тұрғын үй сертификаттарын іске қосу жөнінде ұсыныс енгізуі тиіс. Біздің өңір тұрғындары үшін де «7-20-25» бағдарламасы бо-
йынша берілетін пәтерлер қолжетімді болуы тиіс», – деді өңір басшысы.

«7-20-25» бағдарламасын әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Бағдарлама тұрғындардың қызығушылығын туғызып отыр.  Қыркүйекте өтінім берушілер қатары артты. Облыста 1 млрд теңгенің 121 өтінімі мақұлданды. Еліміз бойынша баспана құнының орташа бағасы 12 миллион теңгені, Ақмола облысында 8 миллион теңгені құрап отыр», – дейді ҚР Ұлттық Банкі  Ақмола облыстық филиалының директоры Виталий Чеусов.

«Баспана» ипотекалық компаниясы құрылысты қаржыландыруға 150 млрд теңге бөлетіні белгілі. Бұл облыста шамамен 640 тұрғын үй салуға мүмкіндік береді. Ал, пәтердің орташа бағасы 10 млн теңге деп бағаланып отыр.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий