910 түлек жаңа өмірге қадам басты

Маусымның 12-сі күні еліміздің барлық өңірінде мектеп бітіруші түлектердің кеші өтті. Мыңдаған жас балалық шағын артта қалдырып, жаңа өмірге қадам басты. Көкшетаулық түлектер де Тәуелсіздік алаңына жиналды. Гүлдей жайнаған қырмызы қыздар, салмақтана түскен бозбалалар мұғалімдерімен қимай қоштасып, ата-аналарына алғыстарын жеткізді. Биыл 910 түлек алтын ұясынан қанат қақты. 56 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, 24 оқушы үздік аттестатқа ие болды. Ел болашағы жастарды облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен қала әкімі Ермек Маржықпаев арнайы құттықтай келді. Білім саласының ардагерлері, Көкшетау қаласының құрметті азаматтары мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері де салтанатты шараның куәсі болды.
Бүркітбай Қами – Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының түлегі. 11 жыл бойы үздік білімін көрсетіп, «Алтын белгі» иегері атанып отыр. Жас түлек Қарағанды қаласындағы республикалық жаратылыстану-математика бағытындағы олимпиаданың сертификаты мен орыс тілінен қашықтық олимпиадасының «Алтын медаль» иегері, құқық пәні бойынша облыстық олимпиада жүлдегері. Бүркітбаймен бірге «Алтын белгі» иеленген, әр пәннен терең білім көрсетіп, жетістікке жеткен Мәдина Мәлікова, Гүлден Ахметжанова, Биғайни Қабдірәшит, Жәнел Егінтаева, Айдын Есімбеков те осы білім ошағын тәмамдады. Олар құрметке ие болып, облыс әкімінің қолынан «Алтын белгі» алғанына дән риза. Осындай дарынды да талантты жастарды құттықтаған өңір басшысы Мәлік Мырзалин болашақта олардан үлкен үміт күтілетінін айтты. Еліміздің гүлденуі мен өркендеуі жас буынның қолында. Сондықтан бүгінгі жеткіншек еліне қызмет етіп, халқына пайдасын тигізуі тиіс. Мектепті «Алтын белгіге» тәмамдаған түлектердің бәріне 100 мың теңгеден сертификат берілді. Сондай-ақ, 11 жыл бойы үздік білім көрсеткен оқушыларға аттестатпен бірге 70 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Жалындап тұрған жастардың бәрі дерлік пән олимпиадаларының жүлдегерлері, ғылыми жобалардың жеңімпаздары, спортта да жетістікке жеткендер.
Облыс әкімінің атынан 50 мың теңге сертификатқа №6 мектеп-лицейінің түлегі, жас жазушы атанған Томирис Саматова ие болды. Ол өз тұстастарына арналған прозалық шығармалар жазып жүр, табыссыз да емес.
№5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының түлегі Инур Маратова ұстаздарына, ата-аналарына және ұйымдастырушыларға үш тілде алғысын жеткізді. Олар өздеріне жүктелген міндеттің үдесінен шығып, еліне адал қызмет етуге дайын екендіктерін айтты. Түлектерді кішкентай іні-сіңлілері құттықтап, тақпақтарын айтып, әндерін шырқады. Аспанға ұшырылған «5» сандарынан үрленген шарлар кішкентай балдырғандардың өз аға-әпкелеріне еліктеп, сабағын тек жақсы бағаға оқуға берген уәдесіндей көрінді. Салтанатты шарадағы жастардың флеш-мобы отшашуға ұласты.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс