Nasihat.kz ақпараттық порталы оқырмандарға жол тартты

Көкшетаудың «Науан Хазрет» атындағы орталық мешітінде Nasihat.kz ақпараттық-рухани ағарту порталының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталмыш шарада алғы сөз алған бас имам Қанат Қыдырмин қазіргі таңда ислам дінін заман талабына сай деңгейде жеткізе білу керектігін айта келіп: «Дін мен ділдің, дәстүр мен салттың тұнығынан, қасиетті Ислам руханиятының кәусар бұлағынан қанып ішкісі келген қауымға «Nasihat.kz» ақпараттық-рухани порталы қалтқысыз қызмет қылуды мақсат етеді. Ғаламтор ресурсы облыс аумағында өзінің тұрақты тұтынушыларын табады деген үміттеміз. Ханафи мәзһабының қыр-сырын түсіндіретін діни-танымдық портал облыстық мешіттің ресми сайты ретінде бұқараға қалтқысыз қызмет қылады», – деді.

Шарада сайт қызметкерлері қатысып, жаңадан ашылып отырған сайттың құрылымы және жұмыс бағыттарымен танысты. Оқырман саны сайттағы дүниелердің сапасына байланысты екені белгілі. Порталда әлемдегі және ел ішіндегі өзекті діни әрі ұлттық бағыттағы ақпараттарды насихаттайтын «Жаңалықтар», дәстүрлі Ислам құндылықтарын насихаттауға арналған «Мақалалар», өзекті мәселелерге Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының ғалымдары жауап беретін «Сұрақ-жауап» айдарлары ашылып, тың дүниелермен толықтырылмақ. Сайттың көркемдігі мен ыңғайлылығы әлі де жетілдірілетін болады. Сондай-ақ, порталда электронды оқулықтар, аудио және бейне жазбалар, мазмұнды мәліметтер қамтылған. Облыс көлемінде өткен ауқымды діни шаралардың бейнежазбаларымен танысуға болады. Уағыз жұмыстарының негізгі бағыты – ғаламтор желілеріне де байланысты. Міне, осы бағытта еліміздің барлық облыстарындағы көп мешіттердің ислами сайттары ашылып, халықтың алуан түрлі сұрақтарына жауап беріліп, жан-жақты уағыздар бейне және үнтаспалар арқылы насихатталу үстінде. Бүгінгі жаһандану заманында жастардың көбі ғаламторды пайдаланатыны белгілі. Орталық мешіт қызметкерлері егер ислам діні жайлы қандай да бір ақпарат қажет болса, сұрақтарға жауап іздесе, мешіт имамдарына немесе осы діни порталдың «сұрақ-жауап» айдарына жүгінгені абзал екендігін айтады. Қазіргі уақытта ғаламтор қоғамда ақпаратты жедел әрі тиімді алмасу құралына айналып отыр. Мұндай мүмкіндікті асыл дініміз исламның игілігін халыққа жеткізу, насихаттау үшін дін қызметкерлері де тиімді пайдалана білуі керек. Сайтта діни білімі мен білігі жоғары мамандар, теолог-ғалымдар жұмыс жасайтын болады.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс