XX Петербург халықаралық экономикалық форумы

 Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың негізгі салалары мен бағыттарын қамтитын, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық үдерістердің дамуына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Бұдан бөлек, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер мен өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсу перспективалары қарастырылды.
Мемлекет басшысы «Эксон Мобил» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы Рекс Тиллерсонмен кездесу барысында Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға компанияның қатысуы жөніндегі мәселелер, сондай-ақ, бірқатар инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды. Мемлекет басшысы бірлесіп жүргізген жұмыстар кезеңінде қол жеткізілген табысты ынтымақтастыққа назар аударды. Сондай-ақ, «Эксон Мобил» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы елімізбен серіктестік қарым-қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

Қазақстан Республикасының Президенті DP World компаниясы басқармасының төрағасы Сұлтан Ахмед бин Сулайеммен кездесу барысында тараптар көлік-логистика, соның ішінде теміржол саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Сондай-ақ, DP World компаниясының «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен Ақтау портын дамыту ісіне қатысуы жөніндегі мәселелер қарастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев компанияның өз қызметі саласындағы көшбасшының бірі әрі біздің елдің стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

«Жаңа экономикалық ахуал қарсаңында» деген тақырыппен өткен пленарлық мәжіліске Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Ресей Президенті В.Путин және Италия Премьер-Министрі Р.Ренци қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев шараға қатысушыларға арнаған сөзінде соңғы жылдары әлем тоқтаусыз тербелген жаһандық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқанын атап өтті. Қазақстан Президенті экономикалық және саяси ахуалдың нашарлауы жағдайында әлем бақылаусыз сыртқы көші-қон проблемасына ұрынғанына назар аударып, халықаралық қаржы институттарының жаһандық дағдарыстың бастапқы кезеңінен уақытылы сабақ алуға құлықты болмауы әлемдік экономика проблемаларының басты себептерінің бірі екенін атап өтті. Қазақстан Президентінің айтуынша, көптеген мемлекетаралық қондырмалардың бюрократталғаны соншалық, ұлттық экономикаларға кедергі келтіруде. Бұл ретте Мемлекет басшысы қазіргі интеграциялық бірлестіктердің кейбір нормалары оларға кіре-тін елдердің экономикалық даму қарқынын тежей бастағанын айтты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев төртінші индустриялық төңкеріске тым таяп қалған әлемдік экономиканың жоғары қарқыны интеграциялар интеграциясы туралы мәселе туындатып отырғаны жөнінде пікір білдірді. Қазақстан Президенті тағы бір маңызды жоба ЕАЭО мен АСЕАН ұйымдары арасындағы өзара тығыз іс-қимыл екенін айта келіп, Ресейдің бастамаларына қолдау білдірді. Қазақстанның экономикаға қатысты бастамалары жөнінде айта келіп, Мемлекет басшысы Ресейдің және ТМД-ның өзге елдерінің инвесторларын бүкіл өңірдің орнықты әлеуметтік экономикалық дамуына қолайлы жағдайлар қалыптастыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысуға шақырды. Соңында Қазақстан Президенті форумға қатысушылардың баршасына табыс тіледі.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс